Қазақстан мен Қытай арасында бірқатар келісімшарт жасалды: Тоқаев кімдерді қабылдады
Мемлекет басшысы бірқатар компанияның басшыларымен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға іссапары барысында бірқатар ірі компания басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті China National Petroleum Corporation компаниясының басқарма төрағасын Дай Хоулянды қабылдады.
Кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық және мұнай мен газды тасымалдау, қайта өңдеу мәселелері талқыланды. Президентке CNPC компаниясының Қазақстан тарапымен өзара іс-әрекеттерді нығайту жөніндегі жоспары туралы мәлімет берілді.
«Атап айтқанда, Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру, Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндіктерін күшейту және басқа да мәселелер қарастырылып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев CNPC компаниясы Қазақстанның энергетика саласындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесі екенін атап өтті», - делінген хабарламадаү
Сонымен қатар Мемлекет басшысы State Power Investment Corporation компаниясының басқарма төрағасы Цянь Чжиминьді де қабылдады.
Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
«Қытайдың ірі энергетикалық компанияларының қатарына кіретін State Power Investment Corporation Қазақстанның жасыл энергетика саласындағы жобаларына белсенді түрде инвестиция құяды. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын ауқымды жел электр станциясын салу жөніндегі бастамасын қолдады. Президентке State Power Investment Corporation компаниясының Қазақстанда жел электр станцияларына арналған құрал-жабдық өндірісін іске қосу ниеті туралы мәлімет берілді», - делінген хабарламада.
Өз кезегінде Цянь Чжиминь әлеуметтік жауапкершілік аясында оның компаниясы Қазақстанның оңтүстігінде қуаты 200 ГКаллға дейін жететін жылу станциясын салуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар кездесуде State Power Investment Corporation компаниясының технологиялық және ғылыми-зерттеу тәжірибесі мол екені ескеріліп, «жасыл» сутегі өндірісі саласындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсинді қабылдады.
Мемлекет басшысына бүгін CITIC компаниясы энергетика және мұнай химиясы өнеркәсібі салаларындағы жобаларды бірлесіп іске асыру үшін қазақстандық әріптестерімен бес коммерциялық құжатқа қол қойғаны туралы мәлімет берілді.
«Келісімдердің жалпы көлемі 1,6 миллиард доллардан асады. Қасым-Жомарт Тоқаев CITIC Group компаниясы Қазақстанның сенімді инвестициялық серіктесі екенін атап өтіп, кәсіпорынға табыс тіледі», - делінген хабарламада.
Іссапар аясында Мемлекет басшысы сонымен қатар Sun Seven Stars Investment Group компаниясының басқарма төрағасы У Чжэнді қабылдады.
«Кездесу барысында қаржы, цифрландыру және онлайн-сауда салаларындағы инвестициялық ынтымақтастық, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-әрекет мәселелері талқыланды», - делінген хабарламада.
Sun Seven Stars Investment Group инвестициялық тобы – Қытайдағы ең ірі жеке медиа және инвестициялық конгломераттардың бірі.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Huawei Technologies компаниясының басқарма төрағасы Лян Хуаны қабылдады.
Кездесу барысында Президентке телекоммуникация саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірінің Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға қатысты алдағы жоспары таныстырылды.
«Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Huawei» мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының теміржол желісін цифрландыру және жаңа технологияларды пайдалану жөніндегі бірлескен жобаны іске асыру жоспары туралы мәлімет берілді.
Лян Хуа «Huawei» компаниясы кең жолақты қолжетімді интернетті дамытуға және Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретінде қалыптасуына қатысты зерттеулерді қаржыландырғанын айтты», - делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы «Huawei» ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясының базасында IT-технология саласы бойынша білікті қазақстандық мамандарды даярлау жөніндегі жобаны жүзеге асыруды құптады.