Жыл басынан бері бюджетке 5,7 трлн теңге салық түсті
Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 21,4%-ға артық
2023 жылғы І тоқсанда шоғырландырылған бюджет салық түсімдері бойынша 5 667,3 млрд теңгеге толықты, бұл – өткен жылғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда 21,4% немесе 998,0 млрд теңгеге артық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Комитет ақпараты келесідей:
- Республикалық бюджетке 3 176,7 млрд теңге түсті, 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 23,2% немесе 599,1 млрд. теңгеге өсті.
- Жергілікті бюджетке 1 293,6 млрд теңге түсті, 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 24,2% немесе 252,0 млрд теңгеге өсті.
- Ұлттық қорға 1 197,1 млрд теңге түсті, 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 14,0% немесе 146,9 млрд теңгеге өсті.
2022 жылдың ұқсас кезеңмен салыстырғанда республикалық бюджетке түсімдердің үшінші елдерден импортқа ҚҚС бойынша 2 есе, ішкі өндіріс тауарларына ҚҚС 21,2%-ға, корпоративті табыс салығы 20,7%-ға және ЕАЭО елдерінен импортқа ҚҚС 2,0%-ға өсуі байқалады.
Түсімдердің өсуіне әсер еткен факторлар бар. Мәселен, 2023 жылы І тоқсанда былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда алтынға 0,8% бағаның өсуі байқалады. Үшінші елдермен тауар айналымы 2023 жылғы І тоқсанда 13,9%-ға өсті (экспорт 6,7%-ға төмендеді, импорт 1,8 есе өсті). Сондай-ақ, ЭШФ тауар айналымы 8,8 трлн теңгеге немесе 27,7% өсті.