$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда жеңілдікпен автокредит алуға кезекті өтінім қабылдау 6 ақпанда басталады

Өтінімдер www.autonesie.kz сайтында қабылданады

Қазақстанда жеңілдікпен автокредит алуға кезекті өтінім қабылдау 6 ақпанда басталады
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда жеңілдікпен автонесие алуға өтінімдерді кезекті қабылдау басталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy LS порталына сілтеме жасап.

6 ақпан күні сағат 10:00-де www.autonesie.kz сайтында жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау басталады.

«Сайтқа кіріп, өтінім беруге үлгеру үшін барлық азаматтардың электронды-цифрлық қолтаңбасы (ЭЦП) болуы қажет. Бұл платформа өтініш берушілер тобын білдіреді», - деді Өнеркәсіпті дамыту қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров.

Айта кетейік, аталған платформаға тек Қазақстан аумағынан тіркелуге болады.

«Автокөлік өндірушісін таңдамас бұрын мұқият ойлану керек, өйткені оны кейін өзгерту мүмкін болмайды. Өтінішті тексеру қорытындысы бойынша сайтта сәтті тіркелу туралы терезе пайда болады. Автокөлік пен несие алудың барлық шаралары 6 ақпаннан бастап 60 күн ішінде аяқталуы керек. Үлгермей қалған барлық өтініш берушілер платформадан шығарылады және кейінірек өтініш бере алады», - деп ескертті Ринат Гаппаров.

Өтінішті тіркеу расталғаннан кейін несие алушы төлем шотын алу үшін автосалонға, ал кейін – бағдарламаға қатысушы банкке баруы қажет болады.

«Бүгінгі таңда кредиттер бойынша төлемдер есебінен 7,6 млрд теңге жиналды. Бұл 6 ақпанда бағдарламаға 761 адам қатыса алатынын білдіреді, яғни, 761 қатысушы тіркелгеннен кейін өтінім беру түймесі белсенді болуды тоқтатады және өтінімдерді қабылдау тоқтатылады. Алдағы уақытта біз ай сайынғы негізде өтінімдерді қабылдау платформасын ашуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта оған 100-ге жуық адам қатыса алады», - деді Гаппаров.

Сондай-ақ, Өнеркәсіпті дамыту қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров бағдарламаның негізгі шарттарының бірі - бір адам екі жылда бір рет қана несие ала алатынын айтты.

«Осы бағдарлама бойынша бір адам алты көлік алуы мүмкін емес. Платформа ондайға жол бермейді және бұған дейін мұндай жағдайлар болған жоқ. Егер аталған бағдарлама аясында сіз көлік алған болсаңыз, келесі көлікті алу үшін екі жыл күтуіңіз керек», - деп түсіндірді Ринат Гаппаров.

Өз кезегінде Қазақстандық Автобизнес қауымдастығының өкілі Қайрат Еламанов жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының шарттары бойынша автоөндірушілер 60 күн ішінде автокөлікті жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.

«Бағдарламаға қатысушы автосалонға келіп, менеджермен қажетті үлгіні, жиынтық пен түсті талқылайды. Егер нақты көлік қолда болса, онда бағдарламаға қатысушы оны банк мақұлдағаннан кейін бірден сатып алады. Егер машина алдағы екі айға жеткізу жоспарында болса, онда ол бұл көлікті алдын-ала брондап қояды. Егер көлік жеткізу жоспарында болмаса, менеджер 60 күн ішінде келетін балама нұсқаны таңдауға көмектеседі. Бүгінгі таңда бағдарлама шарттарына сәйкес келетін автомобильдер бойынша барлық өндірушілерде - 15 млн теңгеге дейін ақша бар. Мұның бәрі клиенттің қалауына байланысты», - деп сөзін түйіндеді Қазақстандық автобизнес қауымдастығының өкілі Қайрат Еламанов.

Естеріңізге сала кетейік, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамыр айында басталған болатын. Оны іске асыруға екінші деңгейдегі банктерге (Қазақстан Халық банкі, ForteBank, ЦентрКредит Банкі және Еуразиялық банк) 100 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 12,6 мыңнан астам автомобиль сатып алынды. Автокредиттің орташа мөлшері 7,8 млн теңгені құрады.

Бұған дейін жеңілдетілген автокредит беру 2023 жылдың қаңтарында қайта басталады деп хабарланған болатын. Бағдарламаның шарттарына сәйкес сыйақы мөлшерлемесі - 4%, кредиттеу сомасы - 10 млн теңгеден аспайды. Мерзімі - бастапқы жарнасыз жеті жылға дейін және машинаның құны -15 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды.

Серіктес жаңалықтары