$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Келер жылы Қазақстанда тағы девальвация болуы мүмкін – сарапшы елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдайға баға берді

Экономист Мақсат Халық инфляцияны Үкімет пен Ұлттық банк бірігіп жұмыс істесе ғана тоқтата алады дейді

Келер жылы Қазақстанда тағы девальвация болуы мүмкін – сарапшы елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдайға баға берді
Фотоколлаж

Қазақстан экономикасында келер жылы бағаның өсуі одан әрі жалғасады деген болжам бар. Теңге де құлдырауы мүмкін. Төл валютаға қолдау көрсету үшін қараша айының басында Ұлттық қордан тағы 988 млн доллар алынған болатын. Ұлттық банк бұл қаражат бюджетке трансферт аудару үшін қажет болды деп отыр.

Күн сайын қысып жатқан қымбатшылық, пәтер бағасының шарықтап кетуі халықты алаңдатып отыр. Azattyq Rýhy тілшісі белгілі экономист Мақсат Халықпен сұхбаттасып, келер жылы ел экономикасының ахуалына, доллар бағамы мен тұрғын үй бағасына қатысты болжамын сұрады.

ТЕҢГЕНІҢ ӘЛСІРЕУІНЕ ҚАНДАЙ ФАКТОР ӘСЕР ЕТЕДІ?

Келер жылы Қазақстанда девальвация болуы мүмкін. Оған әсер ететін себеп көп. Қазіргі уақытта теңгенің аз да болса тұрақты болуына – мұнай бағасының өсуі себеп болып тұр.  Бірақ валютамыздың құнсыздануына кері әсерін тигізіп тұрған фактордың көп екенін жоққа шығара алмаймыз. Ең үлкен мәселе – төлем балансы. Төлем балансы – импорт пен экспорттың арасындағы айырмашылық. Егер біздің шетелге сатқанымыздан сатып алғанымыз көп болса – бізге көп мөлшерде доллар қажет. Ал, долларға сұраныстың артуы теңгені айтарлықтай әлсіретеді. Соңғы екі жылдықты қарасақ, бізде төлем балансында дефицит бар және минус көрсеткіштеміз. Екі күн бұрын ғана Ұлттық банк төрағасы президентке берген есебінде: «Төлем балансында дефицит азайып, өткен жылға қарағанда 40,19%-ға қысқарды. Экспортымыздың жағдайы жақсарды» деп айтып отыр. Бірақ біз әлі сол минус көрсеткіштен өткен жоқпыз, бізде минус 3 млрд көлемінде тапшылық бар. Оның өзі теңгеге қысым жасайды.

Одан кейінгі тағы бір фактор – халықтың теңгеге деген сенімі жоқ. Халықта девальвациялық күтім өте жоғары. Соңғы үш айда теңгені емес, долларды сатып алып жатқандар көп.

Келесі жылы теңгемізге қысым түсіріп, құнсыздануына үлкен әсер ететін фактор бар. Ол – әлемдегі дамыған елдердің орталық банктері, әсіресе АҚШ жеңілдетілген ақша-несие саясатын жүргізуді осы жылдың соңында доғарамыз деп отыр. Келер жылдан бастап доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесі көтеріледі. Мұның салдары өзге елдің ұлттық валюталарының құнсыздануына апарады.

АҚШАНЫ ҚАЛАЙ САҚТАҒАН ДҰРЫС?

Қаржыгер заңы бойынша, бүкіл қаражатыңызды бір ұяшықта және бір валютада сақтамаңыз. Қаржыны бірнеше ұяшыққа бөліп сақтаңыз. Қазіргі тенденция адамдардың жаппай доллар алып жатқанын көрсетіп отыр. Бәрін долларға салып қойған дұрыс емес, өйткені теңге бәрібір өмір сүру үшін қажет. Алдағы екі-үш айда пайдаланатын қаражатыңыз теңгемен тұра берсін. Ұзақ мерзімге сақтайтын қаржыны доллар күйінде сақтаңыз. Мүмкіндік болса, кем дегенде үш валютаны ұстаңыз. Ол еуро болсын, теңге немесе доллар болсын. Қаржыңызды бірнеше валюта мен ұяшықта бөліп ұстасаңыз, доллардың өсіп немесе түсіп жатқаны психологиялық кері әсерін тигізбейді.

ПӘТЕР БАҒАСЫ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР

Қазақстандағы пәтер бағасының өсуіне мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы зор болды. Өткен жылы карантиннің кезінде жылжымайтын мүлкін сатқандардың қатары көбейіп, пәтер бағасы арзандаған болатын. Өткен жылдың жазында бір бөлмелі пәтерді 10 миллионға алуға болатын еді. Сосын бір мезетте «Алматы жастары» бағдарламасы іске қосылып, 1000-ға жуық адам үй іздеп кетті, ал «Крыша» сайтында небәрі 300-ден астам ұсыныс болды. Ал халықтың жаппай пәтер іздеуі баға өсімін арттырып жіберді. Үй сатып жатқан адамдар мемлекеттік бағдарлама мен әрбір қатысушыға 13 миллион теңге бөлінетіні туралы біліп алды. Сөйтті де бірден сапасы нашар деген үйдің бағасын 14 миллион деп қойды. Тұрғын үйдің қымбаттауына бірінші әсер еткен фактор осы. Қазір аталған бағдарлама аясында 18 миллион теңгеге дейін қаражат береді, бірақ бір бөлменің бағасы тағы сол деңгейге дейін өсіп тұр.

Үйдің бағасына екінші әсер еткен фактор – зейнетақы қорынан ақша алу мүмкіндігі. Көп сарапшы «наурыз айында бағалар түседі» деді. Бірақ мен өсетінін айттым. Құрылыс материалдарының шетелден көптеп келуі тікелей үйдің бағасына әсер етті. Қандай да бір үй салынып жатса, отандық құраушы бөлшектер 70% қамтамасыз ете алады деп айтатын. Қазір көріп отырғанымыздай, отандық құраушылар 50%-ға да жетпейді. Біздің өндірушілердің нарық сұранысын қамтамасыз етуге қауқары жетпей жатыр. Демек, үкімет осыған көбірек көңіл бөлуі тиіс. «Отандық өнімдерді өндіруге көбірек мүмкіндік беру, өндіріс қуаттылығын арттыру үшін не істеуге болады?» деген мәселені үкімет ойлауы керек. Негізі біздің өндірушілердің әлеуеті нарықты қамтуға жетеді.

Содан кейін, үйдің шаршы метрінің өзіндік құнын есептеу керек. Құрылысшылар одағы «келесі жылы үйдің бағасы 30% дейін өседі, бізге үкіметтен көмек қажет, мембағдарламадан көп қаражат керек. Алдыңғы жылғы бағдарлама бойынша салынған үйлердің құрылысы материалдардың қымбаттап кетуіне байланысты тұралап қалды. Үкімет тағы ақша бөлсін» деп жатыр. Үкімет қаражат бөліп жатыр және құрылысшылар да айлықтарын өсіруді сұрап отыр. Сондықтан аталған фактордың бәрін есепке алып, алдағы уақытта нақты бір үлкен эксперттік кездесу өткізу қажет.  Кездесуде құрылысшылар одағы, тәуелсіз сарапшы экономистер мен үкімет өкілдері жиналып, елдегі әр қаладағы тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасын дұрыс есептеп шығуы тиіс.

Сондай-ақ, құрылысшылар «Біз жерді алып, оның құжаттарын рәсімдеп, мақсатты бағытын анықтағанға дейін уақыт пен қаражат жағынан көп шығынға ұшыраймыз. Сәйкесінше мұның бәрі тұрғын үй бағасының өсуіне кері әсерін тигізеді» дейді. Осы тұста рұқсат беру мәселесі де мемлекеттік барьер болып тұр. Мемлекет осы мәселені жеңілдетсе, үйдің бағасына да әсері болады. Отандық өнімді өндіріп отырған компанияларға мемлекет тарапынан қандай қолдау бере алатынын қарастыру керек.

ИНФЛЯЦИЯНЫ ДӘЛІЗГЕ ҚАЛАЙ ҚАЙТАРАМЫЗ?

Қазіргі уақытта Ұлттық банк инфляцияны азайту үшін базалық пайыздық мөлшерлемені көтеріп жатыр және соңғы жаздан бері қарай үш мәрте көтерді. Бұл жақсы тенденция емес, инфляцияны бұлай тоқтатамын деу бос әурешілік. Бір рет көтерді, екі рет көтерді, нәтиже жоқ екенін көріп отыр. Мұның салдары несие пайыздарының өсуіне алып келеді. Тиісінше, бизнес онсыз да жеңілдетілген төмен несиелерді көріп отырған жоқ. Бұл жағдай банктер үшін тиімді. Себебі жоғары пайыздар болса, өз ішінде артық қаражатын «Репо» сияқты операциялар арқылы айналдырып, пайыздарын көріп отыра береді. Олар экономиканың нақты секторы – бизнесті қаржыландыруға мүдделі емес. Өйткені ол жерде көп тәуекел бар.

Айналымдағы ақша массасының көбеюі де қымбатшылыққа әсер етеді. Өткен жылы Ұлттық банктің сайтында қазан айындағы ақша массасы 24 трлн 180 млрд теңге болған. Қазір қарасаңыз ол 28 триллионнан асып жығылады, демек бір жылдың ішінде 4 трлн теңге шығарылған. Әрине мұның бәрі тауар бағасының өсуіне, қымбатшылыққа әкеліп отыр.

Мені бір таңғалдыратыны, мемлекеттік бюджеттің шығындары. Алдымыздағы үш жылға жаңа бюджетті есептеп жатыр. Сол жерде өткен жылы шығындар 15 трлн теңге болса, қазір 16 трлнға жуық. Мемлекеттік шығын қосымша тағы бір трлн артып жатыр. Осы арада «Ол ақша қайдан келеді, оны Ұлттық банк басып шығара ма?» деген сұрақ туындайды. Солай болса, салдары тағы инфляцияға апарып соғады. Теңгемізге келесі жылы сырттан көп қауіп пен қысым түсетін болса, Ұлттық банктің ақша басып шығаруы қымбатшылыққа апарады. Сол себепті бұл мәселеге дұрыс келу керек.  

Президент «Үкімет бюджет шығындарын қарастырғанда, қосымша 1 трлн теңгені қарапайым заттар экономикасына бөлеміз» деді. Ал, бұл қай жерде расталды, халықтың алдында ол көтерілді ме? Жоқ. Демек, елде болып жатқан қымбатшылықта үкіметтің де кінәсі бар. Ақшаны көптеп бөлген дұрыс, бірақ ол Ұлттық банктің ақшаны басып шығаруына әкеліп соғатын болса, онда олар баға өсімін тоқтата алмайды.

 БАНКТЕР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БЮЖДЕТ

Тағы бір мәселе, теңгеміздің құндылығы арту үшін Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемесінің әсер етіп жатпағанын түсіндік. Ең маңыздысы – импорттың орнын алмастыра алатын тауарлардың өндірілуі. Импорттан келіп жатқан қымбатшылық басып кетпес үшін, елімізде өз тауарымыз өндірілетін болса, бұл теңгемізді күшейтіп, құнын арттырады. Үкіметтің де жауапкершілігі туындап, Ұлттық банкпен бірлесіп жұмыс істейтін болады.

Жоғарыда атап өткенімдей, мемлекеттік бағдарламалар бизнесте инфляция болуына септігін тигізіп жатыр. Бизнес төмен пайызбен несие алып жатыр деп қуанамыз, бірақ оны барлық кәсіпкер ала алмайды. Себебі несие алушылардың өзіндік шарты бар және кез келген кәсіпкер ол талапқа сай келе бермейді. Аталған талапқа сай болу үшін қосымша ақша беру әрекеті сыбайлас жемқорлыққа алып барып, оның экономикаға зияны тиеді. Базалық несие мөлшерлемесі қазір 9,75% болып тұр. Ал 6% несиені қалай береді, үстіндегі шығын кімнің есебінен жүреді десек, бұл жерде банктер ұтылмайды. Кәсіпкерлерге 6% несие береді де, үстіндегі шығындарды ұлттық бюджеттен банктерге аударады. Осы жерде «банктерге көмектеспейміз» деген үкіметтің өзі қайтадан банктерге көмектесе бастайды. Бәрі қарама қайшы кетіп бара жатыр. Егер де базалық пайыздық мөлшерлеме 9,75%-тен төмен болмаса, одан төмен несие беру үшін үкімет мемлекеттік бағдарламалар арқылы әрекет жасайды. Сондықтан инфляция деңгейі 3-4%, базалық пайыздық мөлшерлеме 5% болса, банктер несиені 7-8% бере бастайтын болады. Оған арнайы бағдарлама да керек емес, кез келген бизнес субъектісі өзі несие ала алатын жағдайға жетер еді. Сол себепті Ұлттық банк пен үкімет бұл мәселені бірге талқылауы керек.

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ҚАЙ САЛАСЫНДА ДАМУ БАР?

Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасына үміт сыйлайтын салалар бар. Оларды атағанда ауыл шаруашылығы саласын айналып өте алмаймыз. Тағы бір сала – логистика. Біз қазір Қытай мен Еуропа арасында көпір сияқтымыз. Қарапайым ғана тарифтерді дұрыс қойып, еліміздегі шекарадағы мәселелерді реттей отырып, Қытай мен Еуропа арасындағы тауарларды бір-біріне жеткізуді тиімді жолға қойсақ, бұл да экономикаға біраз көмек болар еді.

Одан кейін өзінің жақсы әсерін беріп жатқан сала – қаржылық технологиялар саласы. Банктердегі онлайн банкингтің дамуы бізге оңтайлы әсер етіп жатыр. Бірінші кезекте онлайн компаниялардың пайда болуы әлемдік инвесторлардың назарын Қазақстанға аудартып жатыр. Алдағы уақытта да бұл тенденция жалғасын таба берсе, экономикамызға пайдасын тигізеді.

Серіктес жаңалықтары