$ 537.34  623.05  6.65
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.08.2025, 13:47
Мәдениет

Буллинг пен зорлық мәселесін көтерген жаңа фильм көрерменге жол тартты

«Бақытты отбасы» жобасы аясында түсірілген әлеуметтік картина балалардың амандығы мен отбасылық құндылықтарды қорғауға бағытталған

Буллинг пен зорлық мәселесін көтерген жаңа фильм көрерменге жол тартты
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

21-28 тамыз аралығында барлық «Kinopark» кинотеатрлар желісінде балалар арасындағы буллинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін арқау еткен «Жұпар жүрек» әлеуметтік фильмі көрермен назарына ұсынылуда. Көрсетілім «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Картинаның атқарушы продюсері, қоғам белсендісі Арман Боранбаевтың айтуынша, туындыда нақты бір қала көрсетілмеген. Алайда осындай жағдай кез келген ортада, кез келген қоғамда орын алуы мүмкін. Жаңа туындының басты мақсаты — отбасылық және қоғамдық жауапкершілікті арттыру, көрерменге ой салу.

«Бұл — жай ғана фильм емес, балалық шақтағы психологиялық күйзелістің ересек адамның тағдырына қалай әсер ететінін көрсететін шынайы көрініс. Біз осы туынды арқылы қоғамда жиі кездесетін, алайда ашып айта бермейтін мәселелерге назар аударғымыз келді», — деді ол.

Жабық көрсетілімге партия мүшелері, белсенді жастар, мұғалімдер және ата-аналар қатысып, фильмнен кейін пікір алмасты.

«Жұпар жүрек» — үнсіз қалған, көмекке зәру адамдардың тағдыры бейнеленген фильм. Әр баланың амандығы — қоғамның басты құндылығы. Біз олардың үнін естіп, жанын түсінуіміз керек»,— деді «AMANAT» партиясы Есіл аудандық филиалының төрағасы Санира Жүсіпова.

Серіктес жаңалықтары