Туынды 2025 жылдың алғашқы тоқсанында көрерменге жол тартпақ
Жетісу облысы (бұрынғы Алматы обл – автор) Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында қайғылы апаттың болғанына келесі 15 жыл толады. 2010 жылдың наурызында Қызылағаш су қоймасындағы бөгет бұзылып, ауылды топан су басқан еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызылағаш оқиғасы желісімен елімізде көркем фильм түсірілді. Qaitadan деп аталатын фильм келесі жылы көрермен назарына жол тартады. Көркем туындының идеясын фильм режиссері Думан Еркінбек пен бас продюсер Жалын Тілеуберген іске асырған.
Фильмнің режиссері Думан Еркінбектің айтуынша, қазақ киносында қозғалмаған тақырып жетерлік.
«Дәл қазір еліміздегі кинолардың барлығы бір тақырып төңірегінде түсіріледі. Бірақ бізде әлемдік киноларға арқау болатын оқиғалар өте көп. Солардың бірі – Қызылағаш оқиғасы. Фильмде тек осы оқиға ғана қамтылмаған, одан бөлек тағы да ой салатын идеясы бар. Оқиға басқаша өрбісе қалай болар еді дегендей, апат кезінде құтқарушы қаһарман образын жасап, көркемдедік. Осы бойынша сценарий жазып шықтық. Фильмді түсіргендегі негізгі мақсатымыз хайп та емес, қозғалмаған тақырып екен деп оны жағалау да емес. Себебі осы уақыт ішінде өзге де көп оқиғалар болды», - дейді Думан Еркінбек.
Фильм режиссері көркем туындының идеясында осындай апаттардың алдын алу, оқиғаны болдырмау, себебі мен салдары сынды бағыттар қамтылғанын айтты.
Ал фильмнің бас продюсері Жалын Тілеуберген айтқандай, түсірілім бір айдан астам уақытқа созылған. Басты рөлдерде Жасұлан Көпбергенов, Ермек Шынболатов, Шұғыла Ешенова және Әшім Ахметов ойнайды.
«Ауыл тұрғындары да түсірілімге атсалысты. Олар көбіне көпшілік сахналары бар эпизодтарға түсті. Негізінен, кәсіби актерлар өз деңгейінде барынша ойнап шықты. Апаттан кейінгі ауылдың бейнесін көрсету өте күрделі. Сондықтан оқиға кезіндегі көңіл-күйді, эмоцияны жеткізу үшін ауылдың жаңа декорациясын тұрғыздық. Бөгеттің жарылуын бейнелеуде де осы құрылысты пайдаландық», - дейді бас продюсер.
Жалын Тілеуберген атағандай, түсірілім барысында ауа райына қатысты аз-кем қиындықтар туындаған.
«Бір эпизодтың түсірілімі бірнеше күнге жалғасқандықтан, күндегі ауа райы бірдей болуы керек еді. Бірақ біз түсірген ауылда бұршақ, жауын-шашындар жиі болды. Бұл айтарлықтай келеңсіздік туғызды. Осының салдарынан түсірілімді екі аптаға тоқтатып қойған да жағдайлар кездесті. Дегенмен барлығын тиянақтап, соңына дейін түсіріп шықтық», - дейді ол.
Фильм 2025 жылдың алғашқы тоқсанында жарыққа шықпақ. Жақында көрермен назарына фильмнің тизерін ұсыну жоспарланып отыр.