Бүгін, 00:21
AR trend

Тағы да шу ма? Қайрат Нұртастың Қызылордадағы концерті кейінге шегерілді

Қызылордада 18 қазанда өтеді деп жоспарланған концерт 20 қазанға ауыстырылды

Тағы да шу ма? Қайрат Нұртастың Қызылордадағы концерті кейінге шегерілді
Фото: instagram.com/kair_n

Танымал әнші Қайрат Нұртас Қызылордада өтетін концертінің кейінге шегерілгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өнер иесі бұл жөнінде Instagram парақшасында мәлімдеді.

«18 қазанға жоспарланған концертіміз 20 қазанға ауыстырылды. Бұған дейін сатып алынған билеттердің барлығы жарамды. Түсіністік танытқандарыңызға рақмет!» – деп жазды Қайрат Нұртас.

Еске салайық, 2026 жылғы 10 қазанда Шымкентте әншінің концерті өткен болатын. Шоуға бір мезетте мыңдаған адам кіруге тырысып, кіреберісте үлкен кептеліс пайда болған. Соның салдарынан көрермендердің бір бөлігі концертке кіре алмай қалған.

Шымкентте эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың концертінен кейін қылмыстық іс қозғалды. Кештегі кептеліс пен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан бір көрермен ауруханаға түскен.