Астана әкімдігі Энрике Иглесиастың концерті кезінде көлік қозғалысына шектеу қояды
Қаланың төрт жерінен стадионға қарай шаттл автобустар қатынайды
Бірнеше күннен кейін әлемге әйгілі Энрике Иглесиас «Астана Арена» стадионында концерт қояды. Көлік кептелісін азайтып, көрермендерге қолайлы жағдай жасау үшін Астана әкімдігі стадион маңындағы көлік қозғалысына шектеу қойып, есесіне, шаттл автобустар ұсынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, концерт 3 қыркүйек күні кешкі сағат 20:00-де басталады.
«Концерт кезіндегі қауіпсіздік үшін әрі көрермендер стадионға тез жетуі үшін «Астана Арена» стадионы маңында көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады. Дәлірек айтсақ, «Алау» мұз сарайы жағынан (Марко Поло көшесі) және «Сарыарқа» велотрегі жағынан (Месроп Маштоц көшесі) келетін жолдарға шектеу болады», - деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Есесіне, астаналықтар стадионға шаттл автобустар арқылы жете алады.
«Шаттл автобустар сағат 16:00-ден бастап қаланың төрт тұрақ аймағынан «Астана Арена» стадионына қарай қатынай бастайды. Көрермендер көлігін тұраққа қалдырып, стадионға шаттл автобуспен жете алады. Концерт аяқталғаннан кейін шаттл автобустар көрермендерді сол тұрақтарға кері жеткізеді», - деп хабарлайды Астана әкімдігі.
Шаттл автобустар мына мекенжайлардан қатынайды:
- Елорда циркі маңындағы тұрақ;
- «Әзірет Сұлтан» мешіті маңындағы тұрақ;
- Қажымұқан көшесіндегі «Қазақстан» спорт кешені маңындағы тұрақ;
- «Нұр-Сұлтан» мешіті (Бас мешіт) маңындағы тұрақ.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана Арена» стадионына LRT да тікелей қатынайды.