Непалдағы алапат тасқын: бес жүзге жуық жұмысшы туннельдерде қамалып қалған
Табиғи апаттан бері алты күн өтті
Непал мен Қытай шекарасындағы жойқын су тасқынынан кейін құтқарушылар лай астында қалған гидроэнергетикалық нысандардың туннельдерінде қамалып қалған жүздеген жұмысшыны іздеп жатыр. Апат салдарынан қаза тапқан адамдардың саны 950-ден асып, 4 400-ден астам адам хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Reuters-тің мәліметінше, елдің Расува және Нувакот аудандарындағы тасқыннан зақымданған 12 гидроэнергетикалық жобада (IPPAN) кемінде 900 жұмысшыдан хабар жоқ. Олардың шамамен 500-і туннельдердің ішінде қамалып қалған болуы мүмкін.
Құтқару жұмыстары барысында Непал армиясы лайға толған үш туннельден төрт адамның денесін тапқан. Мамандардың айтуынша, кейбір жұмысшылардың туннель ішінде тұншығып қалуы мүмкін. Алайда уақыт өткен сайын тірі қалғандарды табу ықтималдығы төмендеп барады.
Апат өткен сәрсенбіде болған кезде кейбір жұмысшылар көмекке қоңырау шалып үлгерген. Туннельдерден қашып шығып аман қалғандар көптеген әріптесінің жерасты нысандарында қалып қойғанын айтқан.
IPPAN президенті Мохан Кумар Дангидің сөзінше, құтқарушылар туннельдерде қалған жұмысшылармен қайта байланыс орната алмаған. Табиғи апаттан бері алты күн өтті. Осыған байланысты кейбір жұмысшылардың туннельдерде оттегі жетіспеуінен тұншығып қалуы мүмкін деген қауіп күшейіп отыр.
Непал мен Қытайда тасқын салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 950-ден асты. 4 400-ден астам адам әлі де хабар-ошарсыз кеткен.