Бүгін, 01:18
Әлем

Непал мен Тибеттегі су тасқынынан қаза тапқандар саны 353-ке жетті

Тағы 1,3 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында

Непал мен Тибеттегі су тасқынынан қаза тапқандар саны 353-ке жетті
Фото: Euronews.com

Непал мен Тибет шекарасындағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 353 адамға жетті. Тағы 1,3 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды деп хабарлайды Azattyq Rýhy The Associated Press-ке сілтеме жасап.

Құтқарушылар Непал мен Қытай шекарасы бойында іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Табиғи апат Гималайдағы мұздықтың бұзылуынан кейін болған. Су мен лай араласқан жойқын ағын бірнеше елді мекенді басып, жолындағы ғимараттарды, көпірлер мен көліктерді шайып кеткен.

Биліктің мәліметінше, Непалда 826 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Су тасқыны салдарынан ондаған көпір қирап, шамамен 40 шақырым жол бүлінген. Бұл құтқару жұмыстарын айтарлықтай қиындатты.

Непал әскері тікұшақтардың көмегімен 100-ден астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендер мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін Катмандуға жеткізіліп жатыр.

Кемінде үш ауылдың 1,2 мыңға жуық тұрғыны үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Құтқарушылар қаза тапқандардың денелерін Тришули өзенінің төменгі ағысынан да тапқан.

Қытайдың Тибет автономиялық ауданында лай көшкінінен кемінде үш адам қаза тауып, тағы 558 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Джиронг шекара бекетінің маңындағы аудан әсіресе қатты зардап шекті. Қытайдың CCTV телеарнасының мәліметінше, кей жерлерде лай қабатының қалыңдығы 1,5 метрден асқан. Шекара бекетіне апаратын жолдар бүлінген.

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Джиронгқа барды. Операцияға 500-ге жуық әскери қызметкер мен әскерилендірілген құрылымдардың өкілдері жұмылдырылған.

Толассыз жауған жаңбырға байланысты билік жаңа көшкіндер мен қайталама опырылулар болуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.

БҰҰ медициналық көмек көрсетуге, халықты сумен және уақытша баспанамен қамтамасыз етуге Төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі орталық қордан 2 млн доллар бөлді.

Непалдың туризм басқармасының мәліметінше, із-түзсіз жоғалғандар арасында 517 шетелдік бар. Олардың ішінде Үндістанның 178 азаматы, АҚШ-тың 60-тан астам азаматы, сондай-ақ 30-дан астам елден келген туристер мен қажылар бар.

Үндістанның Сыртқы істер министрлігі елдің 288 азаматы із-түзсіз жоғалғанын хабарлады. Қытай билігі Непалда ҚХР-дың 100-ге жуық азаматы да із-түзсіз жоғалғандар қатарында екенін мәлімдеді.

Адамдардың бір бөлігі индуистер мен буддистер үшін қасиетті саналатын Кайлас тауы маңында болуы мүмкін деген болжам бар.