Үш жыл бойы ес-түссіз комада жатқан Тайланд ханшайымы қайтыс болды
Ол тақ мұрагері болатын
Тайландтың корольдік отбасы ханшайым Баджракитиябханың 47 жасында қайтыс болғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС жазғандай, 2022 жылы желтоқсанда ханшайым серуендеп жүрген жерінде есінен танып қалған. Дәрігерлердің мәліметінше, оған жүректің микоплазмалық инфекциясынан туындаған аритмия себеп болған.
Ханшайым Баджракитиябха – Король Ваджиралонгкорнның үлкен қызы. Ол АҚШ-тың Корнелл университетінде заңгерлік білім алып, кейіннен БҰҰ-да және Тайландтың Бас прокуратурасында қызмет атқарды. 2012–2014 жылдары Тайландтың Австриядағы елшісі болды. Ол елдегі қылмыстық сот төрелігі мен түрме жүйесін реформалау, әсіресе әйел тұтқындардың құқығын қорғау жолында белсенді жұмыс істеді. 2021 жылы оған генерал шені беріліп, Корольдің жеке күзетінің штаб бастығы болып тағайындалған еді.
Ханшайымның қазасы Тайландтағы тақ мұрагерлігі мәселесін шиеленістіріп отыр. 73 жастағы Король Ваджиралонгкорн әлі ресми мұрагерін атаған жоқ. Тайланд салт-дәстүрі бойынша таққа тек ер адам отыруы тиіс, бірақ 1974 жылғы конституциялық түзетуден кейін әйелдерге таққа отыруға рұқсат берілген. Корольдің бес ұлы бар, бірақ екінші некесінен туған төрт ұлы 1996 жылы мұрагерлік құқығынан айырылып, содан бері анасымен бірге АҚШ-та тұрады. Оның үшінші әйелінен туған бесінші ұлы - Дипангкорн басты мұрагер саналып отыр. Алайда монархияны қолдаушылар ханшайым Баджракитиябха әкесінің тағын жалғастыруға ең лайықты үміткер деп келген еді. Елде монархқа тіл тигізу туралы заң қатал, сондықтан қоғам бұл мәселені талқылай алмайды.