$ 513.68  583.03  6.24
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Барселона» Испания кубогының финалында «Реалдан» басым түсті (ВИДЕО)

«Барселона» осы жеңісі арқылы өз тарихында Испания кубогын 32 мәрте жеңіп алды

«Барселона» Испания кубогының финалында «Реалдан» басым түсті (ВИДЕО)
Фото: T.me/FC Barcelona Channel

Футболдан «Барселона» командасы Испания кубогының финалында Мадридтің «Реалынан» басым түсіп, чемпион атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Финалдық матчтың алғашқы таймы каталониялық ұжымның айқын басымдығымен өтті. Мүмкіндіктері көп болғанмен Ханси Флик шәкірттері бастапқы 45 минутта бір-ақ гол соға алды. Кездесудің 28-минутында Педри командасын алға шығарды.

Ал матчтың екінші таймы мүлдем басқа қарқында өтті. Мадридтік команда шабуыл шебіне Килиан Мбаппені жібергені сол-ақ еді, «Реалдың» ойыны түрленіп сала берді. Нәтижесі де көп күттірген жоқ. Ойынның 70-минутында франциялық шабуылшы айып добын орындап, Войцех Щенсныйдың қақпасынан саңылау таба білді. Арада 7 минут өткенде Мбаппенің отандасы Орельен Чуамени «Реалды» алға шығарды.

Осы голдан кейін алға ұмтылған «Барселона» ойыншылары 84-минутта Ферран Торрестің голынан кейін таразы басын теңестірді.

Матч осыдан кейін экстра-таймға ұласты. Қосымша 30 минуттың алғашқы 15 минуты сүреңсіз аяқталды. Ал кездесудің аяқталуына төрт минут қалғанда «Барселона» сапынан қорғаушы Жюль Кунде алаңның ортасынан допты қағып алып, Тибо Куртуа күзетіп тұрған қақпаның сол жақ бұрышына сүңгітіп жіберді. Есеп – 3:2.

«Барселона» осы жеңісі арқылы өз тарихында Испания кубогын 32 мәрте жеңіп алды. Ал «Реал» бүгінге дейін Испания кубогын 20 рет көтерген.

Айта кетейік, биыл «Барселона» «Реалды» екінші мәрте финалдық кездесуде қапы қалдырып отыр. Осыған дейін Испания суперкубогының финалында күш сынасып, тарихи қарсыласын 5:2 есебімен тас-талқанын шығарған.

Серіктес жаңалықтары