$ 516.16  584.86  6.25
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ішетіні – газды сусын, жейтіні – фастфуд»: дәрігер жастардың 30-40 жаста белсіз болып жатқанын айтты

Іс-шара барасында студенттер дәрігерге тақырыпқа қатысты сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды

«Ішетіні – газды сусын, жейтіні – фастфуд»: дәрігер жастардың 30-40 жаста белсіз болып жатқанын айтты
Фото: Freepik.com

Елордалық дәрігер Алмаш Бекмұхамбетова қазіргі жастардың денсаулығы нашар екенін, оған ішетін асы мен сусыны қатты әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елорда әкімдігі дәрігердің студенттермен кездесу өткізгенін мәлімдеді. Семинарға арнайы шақырылған «Ана мен бала» орталығындағы бөлімшенің басшысы, дәрігер Алмаш Бекмұхамбетова мұндай іс-шара бірінші рет емес, жиі ұйымдастырылатынын айтты.

«Біз бүгін студенттерге қалай дұрыс тамақтану керек екенін, қалай спортпен шұғылдану керек, жалпы салауатты өмір салтын қалай сақтау керек – осы мәселелерді кеңінен түсіндірдік. Өйткені репродуктивті денсаулық осылардан қалыптасады.

Қазіргі жастар газды тәтті сусындарды жиі ішеді, фастфудпен жиі тамақтанады. Дене қимылын, ұйқы тәртібін сақтай бермейді. Ал мұның бәрі балалы болатын кезеңге келгенде өзінің кері әсерін беруі мүмкін. Дәрігерге келетін жүкті жас аналардың көбінің бүйрегі, жүрегі, тағы басқа мүшелері ауырады. Кейбіреулері кейін 30-40-тың арасында ана-әке болу қабілетінен айырылып жатады. Сондықтан біз мұның бәрін әуелі салауатты өмір салтын сақтау мәдениетінен бастап үйретудеміз.

Сондай-ақ балалардың сауалдарына қарай әртүрлі аурулардан, ерте жүктіліктен сақтану жолдарын да айтамыз. Бүгін әйелдер дәрігері семинар өткізсе, келесі жолы урологты ала келетін боламыз», - деген Алмаш Бекмұхамбетова жастарға қашанда өздерін мазалап жүрген мәселелерді сұраудан, денсаулығын тексертуден ұялмауға кеңес берді.

Іс-шара барасында студенттер дәрігерге тақырыпқа қатысты сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Серіктес жаңалықтары