Бір ғасырдай бұрын салынған: Ақтөбеде тозығы жеткен түрмеге адам сыймай жатыр
Тергеліп жатқан 300-ден аса күдікті абақтының төрт қабырғасында тығылысып отыруға мәжбүр

Ақтөбеде бір ғасырға жуық уақыт бұрын салынған тергеу абақтысына адам сыймай жатыр. Себебі әбден тозығы жеткен ғимараттың бір бөлігін мүлдем жауып тастаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеканалына сілтеме жасап хабарлайды.
Темір тормен қоршалған бұл жерден күдіктінің сытылып кетуі де оңай сияқты. Себебі абақтының қабырғасы қақырап, кірпіші сөгіліп жатыр, төбесі де тесік.
Тозығы жеткен тергеу мекемесінде «адам тұруға болмайды» деген мамандардың шешімі де бар. Қазір мұнда сотқа дейін тергеліп жатқан 300-ден аса күдікті абақтының төрт қабырғасында тығылысып отыруға мәжбүр.
Камералардың аздығы мен қамауда отырып үйінді астында қалу қауіпі болғандықтан, осылай істеуге тура келеді дейді басшылар. Тексеру жүргізгендер абақты ғимараты құламай тұрғанда «дереу сүріп тастаңдар» деген қорытынды да шығарған.
«Корпустың бір жағы толығымен апаттық деп танылған. ол жерде тергеуге оқшауланған адам ұсталмайды. Ол жерде бір-екі апатты камера бар. Былтыр мемлекеттік сәулет басқармасынан зерттеу жүргізген, оның қортындысы да бар», - деді Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев.