Қызылорда облысында жол ережесін бұзғандар дронның көмегімен ұсталып жатыр
Жол ережесін өрескел бұзған 27 жүргізуші жауапқа тартылды
Қызылорда облысында жол ережесін бұзған жүргізушілер арнайы дронның көмегімен ұсталып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызылорда облысы аумағында, атап айтқанда республикалық маңызы бар Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент автожолында, жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтау мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) белсенді түрде пайдаланылуда.
«Әуеден бақылау арқылы жүргізілген рейдтер барысында жол ережесін өрескел бұзған 27 жүргізуші анықталды. Олардың ішінде қарсы жолаққа шығып, басып озу маневрін жасағандар да бар. Барлық құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, тиісті шешім қабылдау үшін Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.
Дрондар арқылы жол қозғалысын бақылау жүйесі облыстың авариялық-қауіпті учаскелерінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл шара жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілуде», - делінген облыстық ПД хабарламасында.