Сыра ішуге шақырған: Алматы маңында ер адамдар 9 жасар баланы ұрып-соқты
Олардың біреуі баланың басынан ұрып, киімін жыртып тастаған

Алматы маңындағы ауылдардың бірінде екі ер адам балаға қол жұмсады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
egov.press телеграм каналының хабарлауынша, бұл кеше Алматы облысы Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылындағы Титов көшесінде болған.
"Екі мас адам 9 жасар баланы сыра ішіп, өздерімен бірге жүруге шақырған. Біреуі баланың басынан ұрып, киімін жыртып тастаған. Мұны көргендер дереу араша түсіп, баланы қорғап қалды. Бірнеше адам қашып кетпек болған қаскүнемді полиция келгенше ұстады", - делінген әлеуметтік желіде жарияланған хабарламада.
Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұзақылық факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
"Күдікті анықталып, ұсталды, қазіргі уақытта уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығында отыр", - деп хабарлады полиция.